435
Облыста Ұлыстың ұлы күні кең көлемде тойлануда. Петропавлдың өзінде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қала тұрғындары мен қонақтарына концерттік бағдарлама әзірленді. Жерлестерімізді бірінші болып, өңір басшысы Айдарбек Сапаров құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі орталық алаңға келіп, халықпен бірге Наурыз мейрамын қарсы алды. Шағын этно-ауылды аралап, жергілікті өнерпаздардың өнерін тамашалады. Кейін сахнаға көтеріліп, өңір халқын көктемнің жаңаруын, жылдың басын білдіретін мейраммен құттықтады.
— Бүгін қаламыздың басты алаңында Наурыз мейрамына арналған ауқымды мерекелік шара өтіп жатыр. Жыл өткен сайын Наурыз мейрамының мәртебесі өсіп, ауқымы кеңейіп келеді. Тәуелсіздік жылдарында жалпы ұлттық және ортақ мерекеге айналды. Бәріміз Наурыз мерекесін бір шаңырақтың астында тойлап келеміз. Ұлыстың ұлы күні – бірлігіміздің көрінісі және татулығымыздың белгісі. Баршаңызға Наурыз мейрамы құтты болсын! — деді Айдарбек Сапаров.