Жапонияның Саппоро қаласында парашаңғыдан Азияның ашық кубогы өтті. Бұл жарыста солтүстікқазақстандық спортшы Александр Герлиц жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сарықұрлық елдерінің спортшылары арасында өткен байрақты бәсекеге 7 мемлекеттен 50-ден астам параатлет қатысты. Бұл додада Қазақстан намысын жерлесіміз Александр Герлиц абыройлы қорғап, ұлттық құрама қоржынына алтын жүлде салды.
Александр 10 шақырымдық қашықтықты 24:13,9 секундта бағындырып, мәре сызығын бірінші болып кесіп өтті. Екінші орын Жапония елінің өкілі Каваиоке Тайкиге бұйырса, үздік үштікті тағы бір жапондық спортшы Нитта Иошихиро түйіндеді.
Жапониядағы Азияның ашық кубогі наурыздың 18-і мен 21-і күндері аралығында өткен болатын.