«Жер сағаты» дүниежүзілік экологиялық акциясына өңірден 10 кәсіпорын-мекеме қатысуға тілек білдірді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық экология департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, «Жер сағаты» экологиялық акциясы 25 наурыз күні сағат 20.30 және 21.30 аралығында өтпек. Іс-шараны Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры ұйымдастырған. Шара адамдарды табиғатқа және Жер ресурстарына жауапкершілікпен қарау қажеттілігіне, ғаламдық климаттың өзгеру проблемасына назар аудартуды көздейді.
– Дәстүрлі акцияға әлемнің 180 елі қатысады. Қазақстан оған биыл 14 рет қосылғалы отыр. Осы күні миллиондаған адам 1 сағатқа электр қуатынан бас тартып, жарық пен электр құрылғыларын сөндіреді. Сәулет ескерткіштері жарықтандырылмайды, — дейді өңір экологтары.
Акцияға «Севказэнерго» акционерлік қоғамы, «Қызылжар Су», «Изолит», «Радуга» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, «Нұра топтық су құбыры» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Есіл су» филиалы, Оңтүстік-Орал темір жол бөлімшесі, Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті, Петропавл қаласының әкімдігі, «Киров атындағы зауыт» акционерлік қоғамы, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыстық филиалы қатыспақ.
Бұдан бөлек, 25 наурызда Ғабит Мүсірепов және Гашек көшелерінде, Жамбыл көшесінен бастап 2-ЖЭО дейін, Әуезов көшесінде, Индустриальный өтпесінен «Малодел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне дейін көше жарығы бір сағатқа сөндірілмек.