Солтүстік Қазақстан облысында Төтенше жағдайлар департаментінің арнайы тобы Ғабит Мүсірепов ауданына су тасқынының алдын алу үшін аттанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО ТЖД бастығының орынбасары Мұрат Қанғожиновтың айтуынша, су тасқынымен күрес тобына жеке құрамнан 23 адам кірген, сондай-ақ жол талғамайтын көліктер мен жүзу құралдары жіберілді.
— Мұндай іс-шара дәстүрлі, облыстың су тасқыны болуы мүмкін қауіпті аймақтарына осылай құтқару тобын жасақтап жібереміз. Жалпы департамент 9 топ құрды. Бірінші топ Ғ.Мүсірепов атындағы ауданға аттанды. Қалғандарын жағдайға байланысты жібереміз. Кезекте Тимирязев және Айыртау аудандары тұр. Көктемгі су тасқынына қатысты жағдайды үнемі назарда ұстап отырмыз, — дейді Мұрат Қанғожинов.
Департамент бастығы орынбасарының айтуынша, бүгін 27 наурызда Ғ.Мүсірепов және Айыртау аудандарында су қоймаларында мұзды жару жұмыстары жүргізіледі. Өзендердің сағасы тазартылып, қардың елді мекендерден шығарылуы, көше-аулалардан судың сорылуы бақылауда болады.
Бұған дейін СҚО-да 1,5 мыңға жуық тұрғыны бар 42 елді мекенді су басу қаупі бар екенін айтқан едік. Жалпы өңірде 6 мыңнан астам тұрғыны бар 85 елді мекен көктемгі су тасқынында зардап шегуі мүмкін. Оның 30-ы өзен деңгейінің көтерілуінен, 13-і көлдер суының тасуынан, 42-сі еріген қар суынан зардап шегуі мүмкін.