Жыл басынан бері облыс полицейлері 800-ге жуық қорғау ұйғарымын шығарды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Қаңтар айынан бастап СҚО-да отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында 10 қылмыс тіркелді. Бұл негізінен – денеге зақым келтіру. Мұндай жағдайлардың алдын алу — жергілікті полиция қызметінің міндеті.
– Жыл басынан облыста отбасылық жанжалдың фактілері бойынша 785 қорғау ұйғарымы шығарылды, оның ішінде 26 адамға қатысты қайталап ұйғарым шығарылған. Әрбір құқықбұзушы бір ай мерзімге есепке қойылады. Сондай-ақ соттар құқық бұзушылардың мінез-құлқына 186 ерекше талап қойды, осыған байланысты олар 3 айға дейінгі мерзімге есепке алынды, оларды учаскелік инспекторлар үнемі тексеріп отырады, – деді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.
Көп жағдайда жәбірленушілер жанжалқорлардың әрекетін жасырып қалады. Мұндай әрекеттер жағдайды одан сайын нашарлатуы мүмкін. Ауыр зардаптардың басталуын болдырмау үшін көмекке жүгіну керек. Тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселелері бойынша 8 (7152) 49-31-58 (Петропавл қаласы ПБ) және 8 (7152) 61-25-30 (СҚО ПД) телефондары, өздерінің учаскелік инспекторына, 150 республикалық call-орталығына, +7-777-504-77-73 әйелдерді қолдау орталығына немесе “102” арнасына хабарласуға болады.