Елордада VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясы өтті. Жиынға қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік, білім, денсаулық сақтау, мәдениет салаларына кеңінен тоқталып, Үкіметке бірқатар тапсырма берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің алдында Қазақстан Республикасы Үкіметі өкілеттігін тоқтатты. Жарлыққа Президент қол қойды. Ақорданың баспасөз қызметі жариялаған Жарлыққа сәйкес, Үкіметтің жаңа құрамы жасақталғанға дейін қазіргі Үкімет мүшелері өз міндеттерін уақытша атқарады. Мемлекет басшысы Премьер-Министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен Amanat партиясы ұсынатынын жеткізді. Әрі саяси жауапкершілік те сол партияға жүктелетінін айтты.
VIII сайланған Парламент жұмысындағы 8 басымдық
Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында сөз басында бір жыл ішінде еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болған негізгі өзгерістерге тоқталып, өте маңызды 5 саяси науқан өткізілгені туралы айтып өтті. Реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделді. Президент сайланған депутаттарды ел мүддесі үшін жұмыла жұмыс істеуге шақырып, Отанымызды өркендету жолында жасалатын өзгерістер әлі де жалғасатынын айтты. Сондай ақ ол алдағы Парламент жұмысының бірнеше бағытын айқындап берді. Алғашқысы – іскерлік белсенділікті ынталандыру. Ол үшін ең алдымен әділ тұрақты әрі ашық салық жүйесін қалыптастыру керектігін баса айтты. Екінші – еліміздің өндірістік әлеуетін барынша арттыру. Өйткені Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді. Үшінші – инфрақұрылымды дамыту. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, әсіресе әбден тозған жылу желілерін жаңғырту қажет. Төртінші – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Президенттің айтуынша, бұл саладағы саясат бірізді емес. Бөлінген қаражат тиімді жұмсалмайды. Өндіруші мен тұтынушы арасында делдал көп. Бесінші – адам капиталының сапасын арттыру. Осы орайда Президент білім мен денсаулық салаларын дамыта беруді тапсырды. Алтыншы – әлеуметтік осал топтағы азаматтарды қолдау. Жетінші – адам құқығын қорғау жүйесін жетілдіру. Ал сегізінші – мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру екендігін тілге тиек етті.
— Кешегі сайлауда партиялармен қатар көптеген азаматымыз бір мандатты округтен өзін-өзі ұсынды. Осылайша, халқымыз маңызды өзгеріске өз үлесін қосуға дайын екенін дәлелдеді. Елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып жатыр. Мен сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтамын. Сайлау науқаны кезінде көптеген орынды сын, байыпты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алдағы 5 жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ
Мемлекет басшысы депутаттарға бір ғана маңызды міндет жүктелетінін, яғни әрдайым өзгерістердің бел ортасында болу керек екенін атап өтіп, олардың маңызды шешімдер қабылдайтынын және сол үшін жұрт алдында жауап беретініне тоқталды.
— Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет, — деді Президент.
Соның ішінде Мемлекет басшысы Парламент палаталарының бірлескен отырысында іскерлік белсенділікті ынталандыру, еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру, инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, адам капиталының сапасын арттыру, әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдау, адам құқықтарын қорғау жүйесін нығайту, мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын көтеру мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ аталған мәселелердің аясында Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп, Парламент тиісті заң жобаларын қабылдау қажет екендігін айтты. Қазақстанда жүргізілген реформалардан кейін депутаттардың өкілеттігі кеңейді, қос палатаның жұмысына бірқатар өзгеріс енгізілді. Президенттің айтуынша, бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын. Енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Мәжіліс басқа да артықшылықтарға ие болды. Осылайша, жоғары өкілді орган шын мәнінде ықпалды Парламентке айналды.
Қасым-Жомарт Тоқаев халықтың жағдайы туралы сөз қозғады. Ол бай мен кедей арасындағы алшақтықты ескертіп, Үкімет пен жаңа Парламенттің алдында осы мәселені шешу міндетін қойды. Сонымен қатар экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналған түйткілдер бар екенін айтты.
— Алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұр. Біз жан-жақты жаңғырту жұмысын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін беруіміз керек. Еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келді. Неше түрлі тұжырымдамаларға, бағдарламаларға сенді. Атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болды. Алайда аса маңызды, өзекті мәселелер назардан тыс қалды. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Экономиканы монополиядан арылту жұмыстары жалғасады
Президенттің айтуынша, алдағы бес жыл ел тағдыры шешілетін маңызды кезең болмақ. Бұл бағытта алғашқы қадамдар жасалды Соның ішінде, монополиядан арылту және елімізден заңсыз шығарылған капиталды қайтару жұмысы жүріп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің кәсіпкерлеріне үндеу жасады.
— Бұл елімізге орнықты, бәсекеге қабілетті ірі бизнес керек емес дегенді білдірмейді. Керісінше, қажет екені сөзсіз және біз оны қолдаймыз. Ірі бизнес біздің жаңа экономикалық парадигмада жаңаша жұмыс істей бастайды әрі міндетті түрде дамиды. Жалпы ашық әрі өзін-өзі қамтамасыз ететін нарықтық экономика қалыптастыру басты басымдық болып қала береді. Ендеше, қастерлі Отанымызды бірге өркендетейік, болашағымызды бірге құрайық. Мен Президент ретінде Сіздерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетініне кепілдік беремін. Біз шағын және орта бизнестің бәсекеге қабілетін арттыру мәселесіне баса мән береміз. Осы орайда, шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бірыңғай кешенді бағдарламасын әзірлеу қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Президент туризм саласын дамытуды тапсырды
Мемлекет басшысы еліміздегі туризмнің әлеуеті зор екенін тілге тиек етіп, Үкімет пен Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс екенін баса айтты. Осы тұста ол кәсіпкерлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек деп санайды.
— Тағы бір маңызды мәселе – Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ, сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды ала беруге болмайды
Президенттің айтуынша, білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажет. Соңғы жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейтті. Балабақша тапшылығы біртіндеп азайып келеді. Барлық облыста мектеп салу, оны жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданды. Бірақ, мұның өзі жеткіліксіз. Білім сапасын, әсіресе, орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет. Ол Ұлттық біліктілік емтиханына өзгеріс енгізу туралы сөз қозғады.
— Мұғалім тапшылығын желеу етіп, мектепке кез келген адамды жұмысқа ала беруге болмайды. Мұндай әрекет ұстаздардың біліктілік деңгейін күрт төмендетеді. Сол себепті, мұғалім даярлау ісін жетілдіру үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Бұл — өскелең ұрпақтың болашағына байланысты өте маңызды міндет. Мұғалімдердің, директорлардың және педагогикалық оқу орындары түлектерінің көпшілігі Ұлттық біліктілік емтиханынан өте алмады. Маған кейбір тәжірибелі ұстаздар тиісті министрлік дайындаған тапсырмалар тым күрделі деп шағымданды. Бәлкім, оны жеңілдету, жетілдіру керек шығар. Бұл салада қатып қалған қатаң ереже болмауы керек. Бірақ негізі, ұстаздарға қойылатын талап жоғары болуға тиіс, — деді Президент.
Асыраушысынан айырылғандардың жәрдемақысы 14,5% өседі
Президент ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталды. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмектің қымбаттауы оларға оңай тиіп отырмағанын айтты.
– Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет. Сондай-ақ, асыраушысынан айырылған азаматтар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда, Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 %-ға көбейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыркүйектен бастап қолға алу қажет. Әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алайда Мемлекет басшысы кез келген көмек масылдыққа себеп болмау керектігін баса айтты. Әсіресе, еңбекке жарамды жас азаматтар жәрдемақыға қол жаймауға тиіс.
– Денсаулығы мықты, күш-қуаты бар азаматтар үшін бұл – ұят нәрсе. Ал зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін адамдарға айрықша көңіл бөлу керек. Осындай жұмысшыларға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластырған жөн. Бұл ретте, еліміздегі және халықаралық тәжірибені мұқият зерделеу маңызды. Мемлекеттік көмек әлеуметтік қатердің салдарын жоюға емес, оның алдын алу үшін берілуі қажет, — деді Мемлекет басшысы.
Ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 трлн. теңгеге жуық қаржы бөлінеді
Президент ауыл-аймақтарды кешенді түрде өркендету аса маңызды екенін атап өтті. Оның мәліметінше, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне 1 трлн. теңгеге жуық қаржы бөлінеді.
– Елімізде бірнеше жылдан бері «Ауыл – ел бесігі» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Соның аясында 1 мыңнан астам ауылдағы 3 700 нысан жаңғыртылды. Оның бәрі – әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандары. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады, – деді Қазақстан Республикасының Президенті.
Мемлекет басшысының айтуынша, биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді.
– Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Халық үшін тұрғын үй — ең өзекті мәселе
Президент халықты баспанамен қамту саясаты қалай жалғасатынын айтты. Мемлекет басшысының пайымынша, тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты.
— Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хат өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді. Сондықтан, біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Медицина қызметкерлері заңмен қорғалады
Мемлекет басшысы адам капиталын дамытуға қатысты тағы бір мәселе – денсаулық сақтау жүйесінің тиімді болуы екенін жеткізді. Осы тұста, еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту қажеттігін атап өтті. Президенттің мәліметінше, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланған. Сондай-ақ ол медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлуді тапсырды.
— Жұмыстың бәрі уақтылы әрі сапалы жасалуы керек. Бұл – өте маңызды. Барлық жауапкершілік әкімдерге жүктеледі. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғауға көп көңіл бөлу қажет. Олардың әлеуметтік жағдайы да назардан тыс қалмауға тиіс. Осыған қатысты арнайы заң жобасы Парламентте бір жылға жуық талқыланды. Бұл құжатта, негізінен, дәрігерлердің жауапкершілігін сақтандыру ғана көзделген, — деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, осы ретте медицина саласының беделін арттыруға қатысты депутаттар мен мамандардың нақты ұсыныстары ескерілмеген. Медицина қызметкерлері заң арқылы қорғалуға тиіс. Парламент осы мәселені ерекше назарға алғаны жөн.
Айта кетейік, 19 наурызда Мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлау өтті. Мәжіліске 98 депутат сайланды. Оның 29-ы бір мандатты округтерден, қалған 69 депутат пропорционалдық жүйемен, яғни 5 пайыздық межеден өтіп, Мәжілістен орын алған саяси партиялардың тізімі арқылы сайланды. Конституцияның 51-бабының 6-тармағына сәйкес, Парламент депутаттары салтанатты түрде ант берді. Мәжіліс спикері сайланғанға дейін, төрағалықты ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы атқарады. Соған сәйкес, ҚР ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров жаңа сайланған депутаттардан ант қабылдады.
Сондай-ақ Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Парламент Мәжілісінің төрағасы қызметіне Ерлан Жақанұлы Қошановты бірауыздан сайлады.
Фото: Ақорданың баспасөз қызметі