Петропавлдағы «Қарасай» стадионын UEFA талаптарына сай ету үшін спорттық нысанды жөндеу жұмыстарына 1,2 млрд. теңге бөлінеді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Асылбек Әлдименов өңірлік орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлім етті.
– Футбол матчтарын UEFA стандарттарының барлық нормалары мен критерийлеріне сәйкес өткізу үшін «Қарасай» стадионында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қажет. Бүгіндері «КАЗЕВРОСТРОЙ» ЖШС-мен 1,2 млрд. теңгеге шарт жасалды. Футбол алаңын жылыту, жарықтандыру, электронды табло, дыбыстық жабдықтар және автоматты суару қондырғыларымен жаңарту қарастырылған, — деді Асылбек Әлдименов.
Өткен жылы «Жастар» стадионында республикалық жарыстарды өткізу стандарттарына сәйкес келетін жасанды шөп төселді. Оған 117,5 млн. теңге қаражат жұмсалды.
– «Жеңіс» мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің велосипед базасын жаңартуға 23 млн. теңге, Уәлиханов ауданы Кішкенекөл ауылындағы орталық стадионда 61,2 млн. теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл Тимирязев ауданында «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында 215 млн. теңгеге стадионды күрделі жөндеу жоспарланған, — деді Асылбек Алдименов.
Биылғы жылы үш спорт мектебін жөндеуге 119 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді.