Петропавл тұрғынынан 300 грамнан астам түрлі есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жедел іздестіру іс-шаралары барысында 36 жастағы қала тұрғыны ұсталды. Ол интернет-дүкендердің бірінде жұмыс істей отырып, синтетикалық есірткіні буып-түюмен және таратумен айналысқан деген күдікке ілінген.
Ұсталғанның тұрғылықты жерін тінту кезінде 2 полимерлі ыдыс және сатуға дайындалған ішінде кесек тәрізді заттары бар 109 полимерлік түйіншек, электрондық таразылар, “зиплок” пакеттері және есірткі сатушылардың басқа да құрал-жабдықтары тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес, алынған заттар салмағы 155 грамнан асатын α-PVP синтетикалық есірткісі және салмағы 129 граммға жуық мефедрон болып шықты. Сондай-ақ тәркіленген заттардың арасында 50 грамм гашиш болды.
– Ұсталған әйел қазіргі уақытта қамауда. Аталған факті ҚР ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді, – деді СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Иван Терзиди.