Солтүстік Қазақстан облысында өзендердің суы көтеріліп келеді, дегенмен әлі қауіпті деңгейге жете қойған жоқ, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Қазгидромет» РМК СҚО филиалының мәліметінше, өңірде 19 гидрологиялық бекет бар. Өзен-көлдерде орналасқан ондағы жағдайды мамандар қазір күніне бірнеше рет бақылап отырады. Жылы ауа райына байланысты қар мен мұз қарқынды еріп, су қоймаларының деңгейі көтеріліп жатыр.
Мәселен, Ғ.Мүсірепов ауданы Рузаевка елді мекенінің маңынан өтетін Шарық өзенінде су деңгейі бір тәулікте 122 см артқан. Айыртау ауданы Возвышенка елді мекені маңында Ақанбұрлық өзенінің суы 117 см көтерілген.
Есіл өзенінде де су деңгейі көтеріліп келеді. Шал ақын ауданы Крещенко елді мекені маңындағы гидрологиялық бекетте бір тәулікте су деңгейі 93 см, Ғ.Мүсірепов ауданы Тоқсан би ауылының маңында 92 см өзгерген. Мұзы сөгіліп, сең жүріп жатыр.
Шал ақын ауданы Сергеевка су қоймасында су деңгейі бір тәулікте 47 см өзгерді. Қазіргі уақытта мамандардың айтуынша, су қоймасы 86,7 % толған.
Жалпы, СҚО-да алдағы үш күн бойы жылы температура сақталмақ. Синоптиктердің мәліметінше, бүгін облыста сынап бағанасы +15 градусқа дейін көтерілсе, 5 сәуірде +17, 6 сәуірде +15 градус болады. Екі күн бойы жауын-шашынсыз. 6 сәуірде жауын жауады деп күтілуде.