Облыстық кәсіпкерлер палатасы 1,5 мыңға жуық кәсіпорын-ұйымда сауалнама жүргізіп, еңбек нарығында аса қажет мамандықтардың тізімін жасады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО Кәсіпкерлер палатасы баспасөз қызметінің мәліметінше, өңірде 2023-2025 жылдары кадрларға жалпы қажеттілік 7 мыңнан астам маманды құрамақ. Соның ішінде Петропавлдың кәсіпорындарына 4 мыңнан астам адам қажет болады.
— Жыл сайын біз кәсіпкерлер арасында сауалнама жүргіземіз. Осылайша алдағы үш жылға кадрларға деген қажеттілікті анықтаймыз. Қаңтар-ақпан айлары аралығында Палата қызметкерлері 1348 кәсіпорын мен ұйымнан сұхбат алды, оның ішінде 770 заңды тұлға және 578 жеке кәсіпкер. Кадрларға жалпы қажеттілік 7,1 мың адамды құрады, оның ішінде биыл 2,5 мың маман керек, – дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының директоры Тимур Бекеев.
Кадрларға деген жалпы қажеттіліктен мамандардың тек 7,3% ғана жоғары біліммен керек.
— Егер сала бойынша айтатын болсақ, онда басымдық ауыл шаруашылығында сақталады, кадрларға қажеттілік 1,2 мың адам, бұдан әрі саудаға 1,1 мың адам және өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарына 915 маман керек. Жоғары білім – басты талап емес. Қажет қызметкерлердің бес мыңы кәсіптік-техникалық біліммен талап етіледі, тағы 1,4 мың адам білімді қажет етпейтін жұмысты орындай алады, – дейді Тимур Бекеев.
Сауалнамаға сәйкес ең көп сұранысқа ие мамандықтардың рейтингі келесідей: бірінші орында аспаздар тұр — қажеттілік 612 адам, одан кейін аудармашылар — 457 адам, ауыл шаруашылығы саласында тракторист-машинистер — 390 адам, тігіншілер — 369 адам, техник-бағдарламашылар — 312 адам.
— 242 жұмыс беруші дуальды оқыту бағдарламасына қатысуға әзір. 1000 студентті тәжірибеден өткізіп, кейін жұмысқа қабылдамақ. Олар негізінен бухгалтер-кассир, аспаз, автослесарь, агроном, тракторист-машинист, — дейді СҚО Кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Ирина Торопова.