Солтүстік Қазақстан облысында бір жылда инфляция 18,9% құрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы СҚО бойынша департаментінің мәліметінше, бағалар биылғы наурызда өткен жылғы наурызбен салыстырғанда, азық-түлік тауарларына – 20,5%, азық-түлік емес тауарларға – 19,1, ақылы қызметтерге 16,2% өсті.
Бір жылдың ішінде, әсіресе, тоқаш және ұннан дайындалған кондитер өнімдеріне баға шарықтап кеткен. Осы аралықта 43,4% өскен. Бұдан басқа шай – 36,3, жармалар – 32,4, кондитер өнімдері – 30,7, макарон өнімдері – 29,9, сүт өнімдері – 26,4 % қымбаттаған.
Алкогольсіз сусындарға – 24,7, ұнға – 20%, етке – 16,9, шұжықтарға – 16,4% бағаның қымбаттауы байқалды. Жемістер 16,2% қымбаттады.
Сонымен қатар, бағалар кей көкөністерге 2,9% төмендеді, соның ішінде қырыққабат – 57,8%, сәбіз – 24,2, картоп – 16,4, қызылшаға – 8,6% арзандап отыр.
Бағалар отын және майлағыш материалдарға – 42,5%, жуу және тазалау құралдарына – 40,3, тұрғын үй-жайға қызмет көрсету және жөндеуге арналған материалдарға – 24,5, киім және аяқ киімге – 18,5, фармацевтикалық өнімдерге – 15,7% өсті.
Бір жылда қоғамдық тамақтану қызметтерінің бағасы да артып, 34,9% өскен, білім беру – 25,6, шаштараз және жеке қызмет көрсету мекемелері қызметтерінің бағасы – 20,2% ұлғайды.