Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметіне Айыртау ауданындағы шаруа қожалығының башысы шағымданды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Айыртау ауданының әкімдігі кәсіпкердің жер учаскесіне уақытша өтеулі жер пайдалану құқығын беру жөнінде жер комиссиясын өткізуден бас тартқан.
Кәсіпкер серіктестіктің қатысушылар құрамынан 1285 га жер үлесін бөле отырып шыққан екен. Осы жер үлесінің ішінде жалпы ауданы 924 га учаскеге жерге орналастыру жобалары әзірлеген. Барлық жер учаскесін толық мемлекеттік тіркеуден өткізу үшін қалған 361 гектарға да жер жобасын әзірлеу қажет.
– Жер кодексіне сәйкес кәсіпкер жер учаскесіне жерге орналастыру жобасын әзірлеудің алдында жер комиссиясының оң қорытындысын алуы тиіс. Алайда Айыртау ауданының жергілікті атқарушы органының жауапты қызметкерлері кәсіпкерге екі жылдан астам уақыт әкімшілік кедергі тудырған. Бұл келеңсіздікті жою мақсатында аудан басшылығына мәселенің мән-жайы түсіндірілді. Осының нәтижесінде жер комиссиясы өткізіліп, кәсіпкердің өтінішін қанағаттандыру туралы шешім қабылданды, – делінген облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің мәлімдемесінде.