Петропавлда екі қолға бір күрек таба алмай жүргендерге бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Қызмет көрсету саласынан 70-ке жуық еңбек орны ұсынылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Кезекті бос жұмыс орындары жәрмеңкесі қалалық Мәдениет үйінде өтті. Бұл жолы облыс орталығындағы қызмет көрсету саласынан 10-ға жуық ұйым қатысты.
– Жәрмеңкеге «Провиант» ЖШС, «Астық-Авто», «Шатыр-Групп», «Айна-көз» сияқты кәсіпорындар шақырылды. Қазіргі таңда жұмыссыздар қатарында 1500-ге жуық адам тіркелген. Оның ішінде 600 адам мемлекеттік бағдарламалар бойынша жұмысқа тартылды, – дейді Петропавл қалалық халықты жұмыспен қамту орталығының бөлім басшысы Гүлмира Исмаилова.
Жәрмеңкеде сондай-ақ қала тұрғындарына қолөнерші, шеберханашы, зал қызметкері, мейірбике сияқты сан алуан жұмыс ұсынылды.
Бос орындар жәрмеңкесіне 200-ден астам қала тұрғыны қатысты. Олардың ішінде алимент бойынша берешегі барлар да болды.