Астана қаласында күрес түрлерінен Азия чемпионаты өтіп жатыр. Жарыстың бірінші күнінде грек-рим стилінде өнер көрсететін балуандар сынға түсіп, жерлесіміз Аманғали Бекболатов қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Солтүстікқазақстандық балуан 55 килограмм салмақ дәрежесінде белдесті. Алғашқы жекпе-жегінде Аманғали үндістандық қарсыласынан 6:4 есебімен жеңілсе, жұбаныш кездесуінде Қырғызстан елінің өкілінен басым түсті. Ал үшінші орын үшін таласта жерлесіміз қытайлық балуанның алдын орап, қола медальді еншіледі.
Бір күннің ішінде Ұлттық құрама қоржынына 4 жүлде түсті, оның 1-уі күміс, 3-уі қола жүлде екенін атап өткен жөн.