СҚО-да өткен жылы 672 адамды кене шақты

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Былтыр облыста  672 адамды кене шақса, соның әр үшіншісі 14 жасқа дейінгі бала, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Күннің жылынуымен түрлі жәндіктер де тіріліп, кейбірі адамдарға қауіп төндірмек. Солардың бірі – кене.

СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көктемде кене белсенділігі артады, ал адамды шаққан жағдайда кене энцефалитін жұқтыруы мүмкін.

— Кене энцефалиті – орталық нерв жүйесін зақымдайтын жедел инфекциялық ауру. Оның ағзаға әсері әртүрлі. Кейбірі толық тәуір болып кетсе, енді бірі бұл инфекциядан кейін мүгедек болып қалады, тіпті көз жұмуы мүмкін. Ауруды жөлек кене таратады.  Алдын алу үшін жылда кене энцефалитінің табиғи ошағында жұмыс істейтіндерге вакцинация жүргізіледі. Екпе үш жылда бір рет, күздің соңында жасалады. Вакцинация тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген емханада жүргізіледі. Бірақ екпе алмас бұрын дәрігерге көріну қажет, — дейді СҚО Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Салтанат Мерғалимова.

Эпидемиологтың айтуынша, кенеден сақтану қажет, ол үшін жеңі ұзын, ақ түсті киім киген жөн. Ақ киімнен кене анық көрінеді.

— Әдетте кене шөпте немесе бұтада отырады, ол 1,5 метрден биікке көтерілмейді. Сондықтан адамның аяғына жабысып, жоғары өрмелейді. Адамға жабысқаннан кейін шағуға, көзге түспейтін орын іздейді. Сондықтан даладан келгенде үстіңізді анықтап қарап шыққан жөн. Кенеге қарсы қазір түрлі репелленттер жеткілікті, олар крем, гель және спрей түрінде де сатылады», — дейді Салтанат Мерғалимова.

Ал аталған жәндік шаққан жағдайда медициналық көмек алу үшін емханаға бару қажет.

— Жылда облыста кене, маса және шіркеймен күресу үшін дезинсекциялық жұмыстар жүргізіледі.

Былтыр СҚО-да кене шаққан 672 адам, соның ішінде 204 бала дәрігердің көмегіне жүгінді, — дейді санитар дәрігер.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz