СҚО әкімі жұмыс сапарымен Қызылжар ауданында болды. Өңір басшысы тұрғындармен кездесіп, ауылдықтардың мәселелеріне құлақ түрді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Қызылжар ауданындағы Архангелка ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Жергілікті халық Айдарбек Сапаровқа жол, су және қоғамдық көлік мәселелері төңірегінде сұрақтарын жолдады. Белгілі болғандай, Архангелка елді мекенінен Петропавлға қатынайтын автобус жоқтың қасы.
– Ауданның әр ауылында тұрақты көлік қатынасы болуын қамтамасыз етуге тырысуымыз қажет. Сондай-ақ, тұрғындардың аудан орталығынан қалаға кетуін қадағалауымыз керек. Шілденің 1-нен бастап бұл елді мекенді автобуспен қамтамасыз ету керек, – деді Айдарбек Сапаров.
Кейін тұрғындар ауыз су мәселесі мен ауыл көшелеріне асфальт төсеу қажеттігін алға тартты.
– Бізде топтық сумен қамтамасыз етуде қиындықтар бар. Биылғы жылы біз комитетпен бірлесіп көп жұмыс жасадық. Мердігер анықталса, бірден жұмысқа кірісеміз. Ауылішілік жұмыстарға келсек, Новокаменканың жолын жөндеп бітіруге қаражат жетіспеуде. Бұл мәселе шешілуде, – деді СҚО әкімі.