Есіл өзені арнасынан шығып, Петропавлдағы саяжай учаскелерін су басты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавл арқылы өтетін «Черлябі-Новосібір» тас жолын су басты. Қазіргі уақытта Ресей бағыты бойынша қатынайтын көлік қозғалысына шектеу қойылды. Дегенмен, жолаушылар айналма жолмен қатынай алады. Ал саяжайларға өтуге тыйым салынған. Қауіпті аймақта тәртіп сақшылары мен құтқарушылар тәулік бойы кезекшілік атқарып жатыр
— 30 тарта саяжай учаскесін су басты. Бұған дейін Петропавлда су басуы мүмкін саяжай қоғамдарында жадынамалар таратылды. Барлығы 5 мың учаске иесі қамтылды. Қауіптенуге еш негіз жоқ. себебі бұл учаскелерде адамдар тұрмайды. Бір айдан соң су кетіп, бағбандар жеміс-жидек еге бастайды, — дейді Петропавл қалалық төтенше жағдай басқармасының бастығы Назымбек Елемесов.
Өңірде бірнеше гидрологиялық бекет жұмыс істеп тұр. Күн сайын Есіл өзеніндегі су деңгейі бірнеше рет тексеріліп, мониторинг жүргізіледі. Су басқан жол 20-шағын ауданды Заречный кентімен жалғайды. Мамандардың айтуынша, Есіл өзені Петропавлда сәуірдің 20-21 күндері шарықтау шегіне жетеді. Тұрғын үйлерді су басса, адамдар эвакуациялық пункттерге көшіріледі. Бірнеше мектеп дайын тұр.