Соңғы төрт жылдың ішінде «Samruk-Kazyna Trust» қоры мемлекеттік тілді дамытуда жалпы сомасы 400 млн. теңгеге жуық қаражатқа 10-нан астам жобаны жүзеге асыруға қолдау көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Samruk-Kazyna Trust» қорының қолдауымен өткен жылы «Soyle.kz» жобасын пайдаланушылардың қатары 30%-ға артты. Осылайша Қазақстандағы ең алғашқы қазақ тілін үйренуге арналған «Soyle.kz» тегін онлайн-порталын қарағандардың саны 11 млн-нан асты.
Тілді қолайлы түрде ақысыз үйренуге кіріскендердің басым бөлігі ел халқын межелесе, статистика Ресей мен АҚШ, Өзбекстан және Германия азаматтарының да игілікті іске құлшына ден қойғанын байқатады. Мәселен тегі африкалық қазақстандық тележүргізуші Амината Айша Уэдраого қазақ тілін «Soyle.kz» порталы көмегімен өз бетінше меңгерген.
– Сайтқа қазақ тілі мұғалімін іздестіріп жүрген кезде тіркелдім. Лайықты ұстаз таба алмағаннан кейін өздігімнен «Soyle.kz» сайтынан оқи бастадым. Ең алдымен, сайт мені түрлі-түсті дизайнымен және ыңғайлы интерфейсімен қызықтырды. Материалдың барлығы қолжетімді болғаны сонша, бірінші сабақтан бастап қазақ тілі әлеміне қызықты саяхат жасадым. Сабақтардың барлығы оңай құрылған, қазақ тілінде сөйлемейтін кез келген адам грамматиканы өз бетінше меңгеріп, тілді үйрене алады. Әсіресе, қазақ тілін тыңдауға және түсінуге көмектесетін тыңдау сөздігі, ойындар, тақырыпты толық бекітуге арналған тапсырмалар және диалогтары бар бейнесабақтар бөлімін ерекше атап өткім келеді, – дейді Амината Уэдраого.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында қолға алынған ыңғайлы және пайдалы ресурсқа тіркелген қолданушылардың жалпы көлемі 300 мыңнан астам адамды көрсетсе, 160 мыңы мобильдік қосымшаны жүктеп алған.
– Қор әрі қарай да руханият, оның ішінде ана мен бала және тіл мәселесіне баса назар аударады. Оған дәлел, өңірлердегі өнер мектептерін ұлттық музыка аспаптарымен, ауыл кітапханаларын мемлекеттік тілдегі кітаптармен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.