СҚО-да ауылға баратын дәрігерлердің көтермеақысын өсіру қажет

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында 183 дәрігердің орны бос тұр. Кадр жетіспеушілігі мәселесін шешу үшін денсаулық сақтау басқармасы бірреттік көтермеақыны 5 млн теңгеге дейін арттыруды ұсынды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

Петропавлда облыстық қоғамдық кеңестің кезекті отырысы өтті. Қозғалған мәселенің бірі – медициналық кадрлардың жетіспеушілігі.

СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Нұрболат Иманжановтың айтуынша, қазіргі уақытта өңірде 183 дәрігер жетіспесе, соның 46-сы ауылға керек.

— Акушер-гинекологтар, анестезиолог-реаниматологтар, рентгенологтар, хирургтар, балалар мамандары, онкологтар, кардиологтар қажет. Тапшылықтың тууына негізгі себептерді атайтын болсам — мамандардың өңірден тыс жерге қоныс аударуы, зейнетке шығу, жекеменшік емдеу мекемелеріне ауысу, — дейді Нұрболат Иманжанов.

Өңірге кадрды тарту мақсатында бірқатар жұмыс атқарылды.

— Қазіргі уақытта дәрігерлерге «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша кредит беріледі, кәсіпорындар есебінен 1-3 млн теңгеге дейін қосымша көтермеақы бөлінеді. Коммуналдық шығыстар, жалақыға қосымша төлемдер, резидентурада оқу ақысы, ұялы байланыс ақысы және т.б. өтеледі. Мәслихаттың 2021 жылғы 21 мамырдағы шешімімен ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу үшін келген мамандарға 2,5 млн теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау бар. Қалаға жұмыс істеуге келгендер 1,5 млн теңге алады, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Былтыр облысқа 280 дәрігер келді, олардың 167-сіне жалпы сомасы 314 млн теңге көтерме жәрдемақы берілді.

— Бүгінгі таңда республиканың басқа өңірлері де көтерме жәрдемақы арқылы мамандарды тартуды қолға алды. Көрші облыстарда оның мөлшері 5 млн теңгеге дейін ұлғайтылды. Осыған байланысты білікті дәрігерлерді өңірге тарту үшін әлеуметтік қолдаудың мөлшерін қажеттілікке қарай ұлғайту жағына қарай қайта қарау қажет деп санаймыз. Жалпы практика дәрігерлеріне 1 млн теңге қалаға келсе, ауылға барғандарға 1,5 млн теңге, бейінді мамандарға 3,5 млн теңге қала үшін, ауылды таңдаған дәрігерлерге 5 млн теңгеге жеткізу қажет, — дейді Нұрболат Иманжанов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz