Бүгіннен бастап Петропавлда жылыту маусымы аяқталады. Бұл үрдіс кезең-кезең бойынша жүргізіліп, шамамен 10 күнге созылады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Сәуірдің 24-і күні облыс орталығының әкімі Руслан Аңбаев жылыту маусымының аяқталуы жөніндегі қаулыға қол қойды. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі жария етті.
Қала әкімінің қаулысына сәйкес, жылудан ең бірінші кезекте көпқабатты үйлер ажыратылады. Кейін балабақшалар, білім беру ұйымдары мен медициналық мекемелерге кезек жетеді.
Жылыту маусымын аяқтау бойынша шешім ауа райының тұрақталуына байланысты қабылданады. Дәлірек айтқанда орташа тәуліктік температура 3 күн бойы +10 градустан төмен болмауы тиіс.