СҚО полицейлері жолда көлігі бұзылып қалған азаматқа көмектесті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Патрульдік полицейлер петропавлдық жүргізуші басқарған «ЗАЗ Chance» автокөлігін діттеген жеріне жеткізді. Облыс орталығынан Булаево қаласына бет алып бара жатқан осы көліктегі жолаушы әйел болған оқиға жайлы айтып, полицейлерге алғысын білдірді. Ол бейнежазбаны жергілікті пабликтерде жариялады.
Таңғы сағат 10:00 шамасында «Челябі – Новосібір» автожолында өздеріне бекітілген учаскеде кезекшілікте болған СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Таласбаев пен Рүстем Рамазанов Ганькино ауылына апаратын бұрылыста жол шетінде капотын ашып қойып тұрған автокөлікті байқаған. Жүргізуші қозғалтқыштағы ақауды өзі жөндеп алмақ болса да, көлік оталмаған. Жол сақшылары көмектерін ұсынды. Осылайша полицейлер көлікті Булаево қаласындағы техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізді.
– Кезекші бөлімге хабарласып, жағдайды баяндадық. Көлікті ТҚКС-ға жеткіздік, жаңа қосалқы бөлшектерін салып, жөнделді. Жүргізушілер алыс жолға шықпас бұрын темір тұлпарларының жарамдылығын тексеріп алуы қажет. Әрі қажетті құрал-жабдықтарды бірге алып жүруді ұмытпау керек, – дейді полиция қызметкері Азамат Таласбаев.