Солтүстік Қазақстан облысында көл басына ата-әжесімен серуенге шығып, ойнап жүріп адасып кеткен бала аман-есен табылды. Оны сол маңда рейдте жүрген табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкері байқап қалған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға Аққайың ауданында болған. Егде жастағы ерлі-зайыпты Петропавлдан қонаққа келген 5 жасар немересін ертіп, көл жағасында серуендемек болған. Ер бала ойнап жүріп, алыстап кеткен. Немерелерінің көзден ғайып болғанын ауыл тұрғындары да кеш байқаған.
Бала орманға кіріп, адасып кеткен. Біраз жүргеннен кейін көлік қозғалысы көп «Петропавл – Булаево» жолына шыққан. Сол кезде оны табиғатты қорғау полициясы тобының қызметкері байқап қалған. Тәртіп сақшысы «Уылдырық шашу» акциясы аясында рейдтік іс-шараға шыққан екен.
Бала полицейге көл жағасынан келгенін айтқан. Тәртіп сақшысы бүлдіршінді көлікке отырғызып, жақын маңдағы ормандар мен көлдерді аралап, оның ата-әжесін іздейді. Көп ұзамай немерелерін шарқ ұрып іздеген ерлі-зайыптының «ВАЗ-2115» автокөлігі де көзге түсті.
— Бүлдіршін жақындарына аман-есен тапсырылды. Зейнеткерлермен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Барлық тұрғындардан кішкентай балаларына бас-көз болып, қараусыз қалдырмауды сұраймыз, — дейді Аққайың аудандық полиция бөлімінің бастығы Руслан Сапаров.