Облыс әкімі Айдарбек Сапаров өңірдің ерлер қауымын Отан қорғаушы күнімен құттықтап, жылы лебізін жеткізді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
— Қымбатты жерлестер, сіздерді Отан қорғаушы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күні біз аталарымыз бен әкелеріміздің жанқиярлық ерліктерін еске алып, өз Отанын ерлікпен қорғаған және қазір де адал қызмет атқарып жүрген жандарға құрмет көрсетеміз.
Отанды қорғау қай заманда болмасын қасиетті борыш саналған және солай болып қала бермек. Ата-бабаларымыздың қаһармандығы жайлы қаншама жыр-дастандар мен аңыздар бар, олар туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісін көрсетіп, келешек ұрпаққа соны аманаттап кетті.
Қазіргі таңда да еліміздің Қарулы Күштері мен құқық қорғау органдарында қызмет ету – қасиетті борыш, ал Отанға адалдық – әрбір қазақстандықтың басты міндеті болып табылады. Қазақстанның Қарулы Күштері – Отанымыздың Тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі, барлығымыз үшін мақтаныш.
Ерлік пен қаһармандық мерекесінде барлық Отан қорғаушыларға табыс, амандық-саулық пен еліміздіңі гүлденуі жолында игілікті істер тілеймін!
Құрметті жерлестер! Мереке күні сіздерге және отбасыларыңызға шын жүректен мықты денсаулық, бейбітшілік, ізгілік пен саулық тілеймін! — деді СҚО әкімі.