СҚО-да қараусыз жүрген жылқының кесірінен жол апаты орын алды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Мамырдың 12-не қараған түні Имантау-Шалқар курорттық аймағында бір үйір жылқы «Еленовка – Чистополье» автожолына шығып, апаттық жағдай тудырды. Салдарынан «Ford» маркалы көлікті тізгіндеген Көкшетау қаласының 59 жастағы тұрғыны жылқыны соғып кетті. Жүргізуші де, жолаушы да зардап шеккен жоқ. Ал еркін жайылымға жол берген жылқышыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабының 2-бөлігі бойынша хаттама толтырылды.
– Жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндіретін және мал ұрлығына жағдай жасайтын еркін жайылым фактілерін алдын алу – маңызды. Бүгіндері Айыртау ауданы аумағында ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 56 азаматқа хаттама толтырылды, – дейді Айыртау аудандық полиция бөлімінің бастығы Марат Серкешев.
Жалпы 4 айдың қорытындысы бойынша СҚО-ның 722 тұрғыны қараусыз қалған мал үшін жауапкершілікке тартылды.