Футболдан ел біріншілігі аясында өткен 9-шы турда жерлестеріміз өз алаңында талдықорғандық «Жетісу» командасына қарсы ойнады. Бұл кездесуде жеңіс «Қызылжар» клубына бұйырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Матч басталысымен солтүстікқазақстандық футболшылар қарсылас қақпасын нысанаға алды. Өкінішке қарай, бірінші таймда жерлестеріміз есепті аша алмай әлек болды. Ойынның екінші бөлімінде талдықорғандықтар қауіпті шабуылдауға тырысты. Алайда қонақтар да нәтижелі соққы жасай алмады. Кездесудегі жалғыз гол 72-ші минутта соғылды. Оң қақпалдан әуелете берілген пасқа Максим Чиканчи жетіп, допты баспен қақпаға дәл бағыттады. Осылайша қызылжарлықтар қажетті үш ұпайды еншіледі.
9-шы турдың нәтижесі бойынша турнир кестесінде «Қызылжар» командасы бірінші орнын сақтап қалды.