Уфа қаласында универсалды жекпе-жектен балалар мен ересекетер арасында әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын солтүстікқазақстандық спортшылар да қорғап, қоржынға 1 алтын, 1 күміс және 2 қола медаль салды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарыс «кимоносыз» және «кимоно» санаттары бойынша өтті. 85 килограмнан жоғары салмақта жерлесіміз Манарбек Шайхенов «кимоносыз» жекпе-жекте алтыннан алқа тағынып, «кимоно» сынында қола жүлдені мәсе тұтты.
Балалар арасында өңір намысын екі спортшы қорғады. Айжан Оспан 36 килограмда «кимоно» санатындағыларда күміс медальді еншілсе, «кимоносыз» айқаста үшінші орынға қол жеткізді. Өкінішке қарай, тағы бір жерлесіміз Шоқан Адраков жүлдегерлер қатарынан көріне алмады.
Жалпыкомандалық есепте бірінші орын Ресей құрамасына бұйырса, екінші сатыға Қазақстан құрамасы жайғасты. Үздік үштікті Беларусь командасы түйіндеді.