Облыста жануарларға жауапкершілікпен қарау заңын жүзеге асыру аясында биыл қаңғырған ит-мысықты аулауға, уақытша ұстауға, вакцина егуге және стерилизациялауға 53,4 млн. теңге бөлінді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО ветеринария басқармасының мәліметінше, халықтың әлеуметтік осал топтары үй жануарларын бюджет есебінен тегін сәйкестендіру рәсімінен өткізе алады. Өңірде 10 сәуірден бастап иесіз жануарларды стерилизациялау жұмыстары басталды.
Бүгінгі күні 43 ит, 3 мысық ауланып, чип салынды және стерилизацияланды. Олардың басым бөлігі жүрген жеріне, яғни көшеге қайтарылды.
Үй жануарларын есепке алатын «TANBA» ақпараттық сервисіне 704 үй жануары есепке қойылды, оның ішінде иесіз ит-мысық та бар. Сондай-ақ биыл Петропавл қаласының әкімдігі уақытша ұстау пунктін салу үшін жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге 13 млн. теңге қаражат бөлді. Қазіргі уақытта облыста 3 жекеменшік панажай жұмыс істейді, оның екеуі Петропавлда орналасқан.
«Белый Бим» 400 итке, «Исаков Андрей» жекеменшік қайырымдылық қорының нысаны 300 мысық пен 500 итке, Қызылжар ауданы Вишневка ауылындағы «Шанс на жизнь» панажайы 500 итке арналған. Оның бәрі бүгінде толық.