Мейірімді жандардың мерейлі ісі

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Петропавл қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде «Қоғамға қызмет» жобасы аясында баскетболдан қайырымдылық шоу-матчы өтті. Жергілікті «Senim» оңалту орталығын қолдауға бағытталған спорттық сайыста мектеп оқушыларының командасына жергілікті мемлекеттік орган басшыларының, мәслихат депутаттарының, спортшылар мен қоғам белсенділерінің құрамасы қарсы шығып, әдемі ойын өрнегін көрсетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Білім ордасының директоры Данияр Уәлиев бұл іс-шараның басты мақсаты сал ауруына шалдыққан балаларға көмек көрсету екенін айтты. Қайырымдылық шарасына көпшіліктің назарын аударту үшін оған түрлі топтардың өкілдері, соның ішінде жергілікті атқарушы органдардың басшылары, депутаттар, спортшылар, мектеп түлектері және ата-аналар қатысты. Оқу ошағының мұндай бастамасын қолдағандардың бірі – Петропавл қалалық мәслихатының төрағасы Арман Бердағұлов.

– Ұстаздар қауымы қайырымдылық шарасына қатысуға шақырғанда бірден келістім. Баскетболмен оқушы кезімнен шұғылданып келемін. Ауыр дертке шалдыққан сәбилерді қолдау қоғамның кез келген мүшесінің міндеті, – деді ол.

Жұлдызды команданың құрамына кірген жерлестеріміз соңғы бір ай көлемінде қызу дайындық жүргізіп, өз шеберліктерін шыңдай алды. Құрама сапындағы әлем чемпионы Жанат Жақиянов қайырымдылық шарасына орай өзінің былғары қолғабын аукционға лот ретінде ұсынды.

Әуесқой баскетболшылар 4 тайм бойы шараға жиналған көрерменнің делебесін қоздырды. Бастапқыда жұлдызды құрама топ бастаса, соңғы минуттарда оқушылар жеңісті өз қоржындарына байлады. Жанат Жақияновтың былғары қолғабынан бөлек, аукционға атақты қазақстандық боксшы Бақтияр Артаевтың қолтаңбасы қойылған бокс қолғабы, “Астана” баскетбол клубының ойыншысы Вадим Щербактың, “Қуаныш” облыстық волейбол командасының, “Astana Qazaqstan Team” велосипед клубының, Алматылық “Қайрат” кәсіби футзал клубының, солтүстікқазақстандық “Қызылжар” футбол клубының спорттық формалары шығарылады. Қайырымдылық шоу-матчына сатылған билеттер мен аукционнан барлығы 1 млн. 885 мың теңге жиналды. Қаражат “Senim” оңалту орталығына табысталады. Аталған орталықты 2022 жылы қаңтарда сал ауруына шалдыққан балалардың ата-аналары құрған болатын. Нәтижесінде балаларға қажетті мамандарды осы жерге шақыртып, ем қабылдау мүмкін болды. Бүгінде балақайлардың кейбірінің жағдайлары жақсарып қалған.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz