Маусымның 1-нен бастап суға шомылуға рұқсат етіледі. Биыл тұрғындар облыс аумағындағы өзен-көлдерде жарақтандырылған 60 арнайы орында суға түсе алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыста 2148 көл, 117 жасанды су қоймасы мен 60 өзен бар. Олардың 13-інде ғана құтқару қосыны жұмыс істейді. Құтқарушылар суға шомылу маусымы басталысымен қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау қажеттігін ескертеді. Мұның басты себебі – су арналарында көз жұму фактілері.
– Соңғы 10 жылдың ішінде облыста рұқсат етілмеген жерде шомылған 216 адам мерт болды, оның 34-і бала. Ал өткен жылы шомылу маусымында суда 5 тұрғын көз жұмды, олардың 1-уі кәмелеттік жасқа толмаған, – дейді СҚО ТЖД азаматтық қорғаныс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Кирилл Иванников.