Суы шипалы Меңгесер көлі

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Солтүстік Қазақстан облысында жазда халық демалуға көп баратын орындардың бірі – Меңгесер көлі. Мұнда көрші Ресейден де арнайы келіп, ем қабылдайтындар бар. ҚазАқпарат тілшісі өңірдің сакралды картасына енген тұзды көлдің ерекшелігі жайлы және оған қалай жетуге болатынын айтып берді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz.

Меңгесер көлінің қасиеті өңір тұрғындарына бұрыннан таныс. Шілде айының ортасынан бастап белі ауырып, буыны сырқыраған жұрт көлге қарай ағыла бастайды. Автокөліктің әлі кең тарала қоймаған шағында үлкендер таңның атысымен арбаға атын жегіп, самауыры мен қазанын, сақтаған сүр етін алып немесе қойды салып алып, жолға шығады екен.

— Тұзды көлге баруды алдын ала жоспарлайтынбыз. Тамағымызды, таза суымыз бен жататын орнымызды өзімізбен ала барамыз. Ем қонуы үшін көлдің басында апталап жататындар бар. Ревматизмге шалдыққандар, әсіресе аяқ-қолы сырқырап ауыратындарға көлдің суы ем. Біздің Талапкер ауылының аяғын баса алмай қалған бірер тұрғынының осы көлдің батпағын жағып, суына түсіп емделіп кеткенін көрдім. Меңгесердің шипасы керемет, қасиеті зор ғой. Бірақ пайдасын көру үшін ол бабына келіп, «піскен» кезде барған жөн. Ол дегеніміз, судағы қызыл құрттар көл бетіне көтеріледі, – дейді Петропавл тұрғыны Мәрзия Сүлейменқызы.

Меңгесер көлі Солтүстік Қазақстан облысының Мамлют ауданында орналасқан. Жалпы ауданы – 3360 гектар. Ең терең жері небары 60 см ғана.

Жергілікті тұрғындардың арасында көлдің пайда болуына қатысты әдемі аңыз тараған. Айтуларынша, баяғыда бір кедей батыр өте бай отбасынан шыққан бойжеткенге ғашық болады. Кейін қыз да ұнатып, олар жасырын түрде кездесе бастайды. Өйткені қыздың отбасы олардың үйленуіне қарсы болады.

Бірақ қыздың ағалары олардың кездесіп жүргенін біліп қалып, батырды өлтіреді.

Қаза тапқан батыр кейін бұлаққа айналады. Ал қыз сүйіктісін жоқтап, күнде бұлаққа келіп жылайды. Оның көз жасынан бұлақтың жанында орналасқан көл тұзды көлге, ал бойжеткен қайғыдан қара құсқа айналады. Қара құс әлі күнге бұлақтан су ішуге келеді екен. Халық көлге бара жатқан жолда қара құс кездессе, «оған барудың қажеті жоқ, өйткені бұл көл сізге пайда әкелмейді» деп, кейін қайтады екен.

Меңгесер көлі суының құрамы жергілікті ғалымдарды да бейжай қалдырмай, бірқатар зерттеулер жүргізілген. М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры Наталья Белецкая, медицина ғлымыдарының докторы Жанбатыр Сартаев, биология ғылымдарының кандидаты Павел Дмитриев, география ғылымдарының магистрі Иван Фомин Меңгесер көлін зерттеген.

Судың құрамы – хлоридті, балшығы – күкіртсутекті. Мұндай суды бальнеологиялық мақсатта ванна түрінде пайдалануға болады. Көл түбіндегі емдік балшық тірек-қимыл аппараты мен тері ауруларына көмектеседі. Бұл гинекологиялық, жүйке аурулары, метаболизмі бұзылған кезде де пайдалы болуы мүмкін. Бұл көлдегі балшық қара түсті, құрғаған кезде ашық сұр түске айналады, күкіртсутектің өткір иісі бар.

Меңгесердің тұзды суы химиялық қасиеттеріне байланысты сульфидті балшықпен бірге маңызды бальнеологиялық ресурс болып саналады.

Көпшілік Өлі теңіз суының емдік қасиеті туралы біледі. Бірақ жұрт дәл осындай суға шомылу үшін алысқа барудың қажеті жоғын біле бермейді. Меңкесер көлі суының құрамы оған ұқсас екені дәлелденген. Егер сіз бұл көлде дұрыстап шомылсаңыз, остеохондрозды, әртүрлі гинекологиялық ауруларды, псориазды және басқа ауруларды емдей аласыз.

— Тұзды көлде 30 минуттан артық шомылуға болмайды. Суы да, батпағы да жүрекке қатты әсер етеді. Тіпті, соңы қайғылы аяқталуы да мүмкін, – дейді жергілікті ғалымдар.

Мамандардың айтуынша, жүрек-қан тамырлары ауруы барларға, екі жасқа дейінгі нәрестелерге, ауру асқынғанда, екіқабат әйелдерге, қатерлі ісігі барларға балшықпен емделуге тыйым салынған.

Петропавлдан 83 шақырым қашықтықта жатқан су айдынына жеңіл көлікпен 1-1,5 сағатта жетуге болады.

СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, Петропавлдан Меңгесер ауылына автобус жүреді. Билет құны – 1,5 мың теңге. Көл ауылдан 3 шақырым жерде жатыр.

— Бұл көл – белсенді бальнеологиялық әсері бар сульфидті балшықтың жеткілікті қоры сақталған бірегей балшық кен орны. Бұрын мұнда халықтың демалуы үшін жағдай болмады. Көлдің жағасын абаттандыру және келушілерге ыңғайлы ету үшін «Меңгесер» жеке кәсіпкерлігі демалыс базасын салды.

Бұл жерде демалыс маусымы шілде айында басталып, тамыздың ортасына дейін жалғасады. Демалыс аймағында жазғы дәмхана, 4 орындық монша жұмыс істейді. Дәретханалар, киім ауыстыратын, жуынып-шайынатын кабиналар орнатылған. Футбол-волейбол алаңы, балалардың ойын алаңы бар, – дейді басқарманың туризмді дамыту және лицензиялау бөлімінің басшысы Қанат Шамсутдинов.

Маманның айтуынша, палатканы, мангалды, төсек-орынды жалға алуға болады. Сондай-ақ шезлонгтар мен беседкалар да беріледі.

Демалыс аймағына көлікпен кіру 1,5 мың теңге тұрады. Мұндағы киіз үйді бір күнге жалға алу 10 мың теңге, шезлонг – 500 теңге, моншаның бір сағаты 3 мың теңге, мангал – 3 мың теңге. Ал өзіңмен бірге әкелген палатканы, мангалды тегін орнатып, пайдалануға болады.

Кейінгі кезде Меңгесер көлінің танымалдығы артып келеді. Қазір Меңгесер көлін туристерді қабылдауға дайындап жатыр.

Бұған дейін СҚО-дағы Имантау-Шалқар курорттық аумағы туралы айтқан едік. Бурабайдан кем емес әсем табиғатымен Қызылжар өңірінің мақтанышына айналған бұл аймақтаа 42 демалыс орны жұмыс істейді. Бағасы қолжетімді. Еліміздің әр өңірінен автобуспен, пойызбен, ұшақпен де жетуге болады. Көлге шомылып, таза ауасын жұтып, табиғи, тарихи, археологиялық мұрасын тамашалауға мүмкіндік бар. СҚО кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының мәліметінше, былтыр бұл демалыс аймағында 62,5 мың адам демалған екен.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Аманжол Нұртазин, aman_nurtazin@mail.ru

Тілші:

Мадина Нуркина, +77057396494, Nurkinamad@mail.ru

SMM-менеджер:

Айжана Шайкенова,

+77782191267

nadyasaf070@gmail.com

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz