Қылмыстық атқару жүйесі облыстық департаментінің №50 түзету мекемесінде 1 маусым – Халықаралық балалардың құқықтарын қорғау күніне орай «Ашық есік» күні ұйымдастырылды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта мекемеде 200-ден астам әйел жазасын өтеп жатыр. Іс-шараға 40 сотталғанның 120-ға жуық туысы келді. Оларға түзету орны бойынша экскурсия ұйымдастырылып, сотталғандарды ұстау шарттары таныстырылды.
Түзету мекемесінде балаларға арналып алтыбақан қойылып, аквагримі бар аймақ және ішінде ойын алаңы орналасқан киіз үйлер орнатылды. Сотталғандар пицца дайындау бойынша шеберлік сыныбына қатысқан жас аспаздарға арнайы алжапқыштар мен қалпақтарды өз қолдарымен тігіп берді. Келушілер туыстарымен кездесіп қана қоймай, сонымен қатар тағамдардан дәм татып, мерекелік концерт және ойын-сауық бағдарламасын тамашалады.
Жазасын өтеп жатқан әйелдердің бірі үшін бүгінгі күн ерекше болды. К. есімді сотталғанның туыстары кездесу үшін ғана емес, сондай-ақ оны туған күнімен құттықтауға келіпті.
– Олар әрдайым менімен хабарласып, кездесіп тұруға тырысады. Туған күнімде отбасымның жанымда болатынына өте қуаныштымын. Біз балалар үшін қызықты бағдарлама дайындадық. Бәріміз осы күнге өте мұқият әзірленіп, ақыры жақындарымызбен кездестік. Мекеме әкімшілігіне және бүгін бізге келгендердің барлығына алғыс айтамын, – деді ол.