М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінің медицина факультетіне Үндістаннан жаңа құрал-жабдықтар жеткізілді, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Петропавлдағы жоғары оқу орнына «Kazakh medical center PVT» компаниясының директоры Фарух Шейх денсаулық сақтау саласы мамандықтары бойынша оқитын студенттерге симуляциялық дағдыларды жаттықтыруға арналған 4 тренажерді сыйға тартты. Жаңа қондырғылардың көмегімен болашақ ақхалаттылар ересектер мен балалардың жүрек-өкпесін зерттеп, жансақтау бөлімінде қызмет ететін мамандардың жасайтын әдіс-тәсілдерді меңгере алады.
Бүгінде Солтүстік Қазақстан университетінің медицина факльтетінде 250-ге жуық үндістандық студент білім алуда. Биыл олардың 78-і жоғары оқу орнын тамамдайды.
– Біз Петропавлдағы университетпен бес жыл бойы жұмыс істеп келеміз. Шәкірттеріміздің білім алуларына барлық жағдай жасалған. Биыл мен арнайы келіп, Үндістаннан тәжірибелік сабақтарға қажет құрал-жабдықтарды сыйға тарттым. Бұл тренажерлерді олар оқу үдерісінде қолданып, жүрек соғысын дұрыс тыңдауды, алғашқы медициналық көмек көрсетуді үйренеді. Сондай-ақ, он тоғыз медициналық пәнді қамтитын ағылшын тіліндегі оқулықтарды да әкелдім, – дейді Фраух Шейх.