Облыста полицейлердің есебіне алынғандардың 80 пайызы жұмысқа орналастырылған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Соңғы 10 күннің ішінде полицейлер ішкі істер органдарында есепте тұрған 4 мыңға жуық адамды тексерді. Бұл жұмыс «Есепте тұрған» жедел алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілді.
Бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдарды, сондай-ақ бұрын сотталғандарды тексеру арқылы қайталанатын қылмыстың алдын алуға баса назар аударылды. Ресми түрде әкімшілік қадағалауға жататын адамдарға 774 тексеру жүргізілді. Бұл – ауыр қылмыстар үшін жазасын өтегендер. Олардың ішінде қойылған шектеулердің 43 бұзушылығы анықталды, сот шешімдерімен 15 адам әкімшілік қадағалау санатына ауыстырылды. Сондай-ақ шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған адамдар тарапынан 23 заңбұзушылық анықталды, олардың екеуі – бас бостандығынан айыру орындарына қайтарылды.
– Тәжірибе көрсеткендей, жұмыспен қамтудың болмауы – негізгі криминогендік факторлардың қатарында. ЖПҚ қызметкерлері есепке алынатын адамдарды жұмысқа орналастыру шараларын қабылдауда. Тек ЖПІШ шеңберінде облыс орталығы мен аудандар бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне ІІО есебінде тұрған адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша 25 хабарлама жіберілді. Әр хабарламада учаскелік инспекторлар ұсынған ондаған есім бар. Айта кетерлік жайт, СҚО-дағы есептік контингенттің 80%-ға жуығы жұмыс істейді. Бұл – қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудың маңызды аспектісі, – дейді СҚО ПД ЖПҚ басқармасының бастығы Айдын Байматов.