СҚО полицейлері интернет-алаяқтық туралы жадынамаларды көпқабатты үйлердің тұрғындарының «WhatsApp» чаттарына жіберуде, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Интернет-алаяқтықтың алдын алу – учаскелік полиция инспекторлары көтеретін тақырыптардың бірі. Кезекті рет СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының қызметкерлері ЖПҚ басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах қалалықтар кездесті.
№7 учаскелік полиция пунктінің қызметкерлері Н.Назарбаев көшесі, 290 мекенжайында тұратын тұрғындармен әңгімелесті. Тәртіп сақшылары жадынамалар таратып, желілік алаяқтықтың негізгі схемаларын еске түсірді. Егде жастағыларға Александр Розбах телефон алаяқтығы туралы баяндады. Оның сөзінше, қарттарға ұлы немесе немересі жол-көлік оқиғасына түстім деп хабарласып, бұл мәселені шешу үшін ақша қажет деп сылтауратады. Полицей алданып қалмау үшін ақша аударымын жасамау қажеттігін ескертеді.
Александр Розбах тұрғындардан қауіпті «қосымша жұмыстардан» сақтану үшін жастарға бұл туралы хабарлауды сұрады. Сондай-ақ полицейлер қала тұрғындарының назарын велосипедтерді, скутерлерді, арбаларды ұрлаудың алдын алуға аударды және ата-аналардан жазғы демалыс қарсаңында жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау туралы мектеп жасындағы балалармен қосымша әңгімелесуді сұрады.
СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері облыста 243 интернет-алаяқтық тіркелген. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 41 фактіге аз.