Солтүстік Қазақстан облысында баласына алимент төлеуден жалтарып жүрген 151 адам бар, олардың жалпы қарызы 175,4 млн теңгеге жетті, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтме жасап.
СҚО прокуратурасының мәліметінше, алимент бойынша қарыз атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде азайып келеді.
Мәселен, 2021 жылы жалпы берешек 1,1 млрд теңгеге жеткен. Былтыр алимент төлеушілер 261,2 млн теңге қарыз болса, бүгінде ол 175,4 млн теңгеге дейін азайды.
Соның ішінде бір адамның балаларына қарызы 5 млн теңгеге жеткен.
— Мемлекеттік органдар жұмыссыз жүрген борышкерлерді еңбекпен қамту үшін барлық шараларды қабылдауы керек. Бірақ өз балаларына қасақана алимент төлемейтін және төлеуден бас тартқандарға қылмыстық жауапкершілік бар екенін еске саламыз. Тек биылдың өзінде 56 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның 31-не қамауға алу шарасы қолданылса, 25-іне айыппұл салынды. 4 қасақана алимент төлемеуші қылмыстық жауакершілікке тартылды. Балалар біздің қоғамның осал және қорғалмаған бөлігі болғандықтан, олардың құқықтарын сақтау бойынша жұмыс ерекше бақылауда және барлық мемлекеттік және өкілетті органдардың өзара тиімді әрекеттесуі қажет, — дейді өңір прокурорлары.
Қазіргі уақытта СҚО-да 8 мыңнан астам кәмелетке толмаған бала алимент алушы есебінде тұр. Ал алимент төлеушілер саны – 7118.