Петропавлдың Сәтбаев көшесіндегі жылу магистралі қайта жөнделмек. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталған. Жоспар бойынша құбыр 3 жылдың ішінде қалыпқа келтіріледі, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
«Севказэнерго» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, Сәтбаев көшесіндеі жылу магистралі 40 жылдан астам уақыт жөндеу көрмеген. Ескі құбырдың ұзындығы 1,5 шақырымды құрап отыр. Жалпы жоба құны 1,2 млрд. теңгеден асады.
— Өткен жылы «Петропавл жылу желілері» серіктестігі 287 млн. теңгеге 200 метрді қамтитын учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізді. Биылғы жылы 1 шақырымды құрайтын құбыр жаңасына ауыстырылады. Бұл жұмыстар 631 млн. теңгеге бағалануда. Бұл шаруа қыркүйектің 30-на дейін атқарылады. Қалған жөндеу жұмыстарын мердігер компания 2024 жылы бітірмек, — деп түсіндірді компанияның баспасөз қызметі.
Құбырды ажырату кезінде 17 көпқабатты тұрғын үй мен тоғыз заңды тұлға тұтынушылардың ыстық су мәселелерін болдырмау үшін уақытша басқа желіге ауыстырылады.