Маусымның 4-і күні Мағжан Жұмабаев ауданындағы Полудино ауылында тұрғын үй өртке оранды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, өрт жайлы хабар «101» пультіне сағат 09:55 түскен. Араға 40 минут салып, оқиға орнына аудан орталығы Булаеводан өрт сөндірушілер келді.
– Құтқарушылар жеткенше қызыл жалын үйдің шатырын жалмады. От жақын маңда тұрған жертөле мен қора-қопсыға өтіп кеткен. Салдарынан тілсіз жау 243 шаршы метр аумақты шарпып, 5 шошқа малы жанып кетті. Абырой болғанда адам өлімі тіркелмеді, — дейді баспасөз қызметіндегілер.
Қызыл жалын сағат 12:05 ауыздықталды. Бұл күні сондай-ақ дала өрттері анықталып, уақытылы өшірілді. Күннің ыстығынан қураған шөп пен шабылмай қалған қамыстардың жану фактілері Тайынша, Ғабит Мүсірепов атындағы аудандарда және Петропавл аумағында тіркелді.