Облыс әкімі Айдарбек Сапаров Петропавл қаласының басшысы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы жетекшісіне жөнделген жолдар мен тротуарлардың қираған учаскелерін тез арада жөндеу қажеттігін айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өңір басшысы әлеуметтік желілер арқылы қала тұрғындарының өтініш-тілектерін оқып отырады.
– Апаттық учаскелерде жұмыс жүргізілгеннен кейін жол төсемін қалпына келтіруді қамтамасыз ету қажет. Өткен жылдан бері осындай мәселелер көптеп кездеседі. Асфальт жамылғысы алынып тасталса, жөндеу жұмыстарынан кейін бұл олқылықты түзеу қажет.
Алысқа барудың қажеті жоқ. Әкімдік маңында қазба жұмыстары алты ай бойы жүргізілді. Мен ескерту де жасадым. Қала әкімі, оның орынбасарлары мен ТКШ бұған назар аударған жоқ. Бұл сұрақты бақылауда ұстаңыз. Жөндеу жұмыстарынан кейін компаниялар дереу асфальт жамылғысын төсеулері қажет, — деп атап өтті Айдарбек Сапаров.
Биыл энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының ақпараты бойынша «Петропавл жылу желілері» ЖШС 7,2 км жылу желілерін жөндеуді және қайта жаңартуды жоспарлап отыр. «Қызылжар су» ЖШС бұрын 5 км желіні жөндеу туралы мәлімдеген.