Петропавлдық жас жеткіншектердің жазғы демалысын қызықты да пайдалы ету үшін облыс орталығындағы Оқушылар сарайында «Жазғы академия» өз жұмысын бастады. Биыл екінші рет ұйымдастырылып жатқан лагерьде 7-14 жас аралығындағы жеткіншектерге ІТ-бағытының жаңашылдықтары, ғылыми зертханалар, бизнес-мектеп, көркем-эстетикалық бағыттар бойынша дәрістер оқылып, тәжірибеге жүргізуге үйретеді. Жаз бойы мыңға жуық баланы қамту жоспарланған, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Өткен жылы барлық бағыттар бір уақытта қамтылған болатын. Биыл ол форматты өзгерттік. Жоспарланған бес маусымның әрқайсы белгілі бір бағыт бойынша ұйымдастырылады. Бала өзіне ұнайтын саланы таңдап, қызықтырған тақырып бойынша дамып, білімін толықтырады.
Академия екі ауысыммен жұмыс істейді. Бірінші ауысым таңғы сағат 9-дан 13:00-ге дейін, одан кейінгі ауысым түстен кейін жұмыс істейді. Балаларды тамақтандыру мәселесі шешілген.
Бірінші маусымға 11 топ жасақталды. Әр топта 12-15-тен бала бар. Өнер академиясының «Арт әлемі» 12-26 маусым аралығында өтеді. Бұл маусымда сурет өнеріне қызығушылығы бар балалар жиналады. Одан әрі ІТ технологиялар академиясының «Пиксель», ғылым академиясының «Бионик», MIX академиясының «Happy holidays», шығармашылық академиясының «Дарын life» бағыттары бойынша жеткіншектердің басы қосылады. Әр бағыттың өз жетекшілері бар.
Он күн бойына балғындар дем алумен қатар, түрлі ғылыми бағыттағы сабақтарға, спорттық ойындар мен эстафеталарға қатысады. Ата-аналар тарапынан сұраныстың артуынан жазғы академия жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарланған. Қосымша білім әр балаға қолжетімді болуы қажет.