Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінде ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Отырыс барысында бірнеше өзекті мәселе, соның ішінде елді мекендерді ауыз сумен қамтамасыз ету барысы қаралды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.
СҚО сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, өңір басшысы Айдарбек Сапаровтың басшылығымен облыстық әкімдікте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.
ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің СҚО бойынша департаментінің басшысы Сергей Перовтың ақпараты бойынша, 2022 жылы табиғи монополиялар субъектілеріне жергілікті бюджеттен 3,5 млрд теңге субсидия, оның ішінде «Есіл Су» филиалына 3,2 млрд теңге қаржы бөлінген.
Ауылдардағы тұтынушылар үшін топтық су құбырларынан ауыз суды өткізумен 22 табиғи монополия субъектісі және 180-нен астам дилер айналысады.
— Өңірдің елді мекендерінде ауыз су тарифі әртүрлі, 1 текше метр үшін 40-500 теңге аралығында. Мысалы, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның «Буденное-СК» ЖШС-де ауыз суды 1 текше метр үшін 40 теңге тарифімен сатады. Ал Мамлют ауданындағы жеке тұлға Л.В. Андреева 1 текше метр суды 500 теңгеден саудалап жатыр, — деді Сергей Перов.
Бір елді мекеннің өзінде ауыз суды әртүрлі бағамен сату фактілері бар.
Мәселен, Тимирязево ауылында 2 су беруші бар. «Алпаш» ЖШС текше метр суды 125 теңгеден сатса, «Тимирязев элеваторы» ЖШС-де су 200 теңге тұрады.
Департамент жиын барысында сумен жабдықтау саласындағы мүдделі органдардың өзара іс-қимыл алгоритмдерін ұсынды. Оның ішінде табиғи монополиялар субъектілерін «тікелей» субсидиялау, сондай-ақ ауыз суды сатумен айналысатын ауыл шаруашылығы өндірушілерінің және тікелей тұтынушылардың әлеуметтік жауапкершілігін арттыру.