Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитетінің хабарлауынша, бүгінде 1-сыныпқа қабылдауға 249 737 өтініш түсті. Оның ішінде балалардың 70%-ға жуығы мемлекеттік тілде оқытуды таңдады.
— Құжаттарды қабылдау штаттық режимде жүргізіліп жатыр. Ата-аналар белсенділік танытып жатыр. Биылғы бірінші сыныпқа қабылданушылар арасында мемлекеттік тілде оқығысы келетіндер көп. Қазақ тілінде оқытатын сыныптарға қабылдау бойынша Қызылорда (94,1%), Маңғыстау (93,2%), Ұлытау (82,5%), Түркістан (80,6%) және Жамбыл (79,4%) облыстары ең жоғары көрсеткішпен алда тұр, – деді комитет төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев.
Азаматтарға ыңғайлы болу үшін құжаттарды қабылдау мемлекеттік қызметі толығымен автоматтандырылған. 1-сыныпқа қабылдау Еgov.kz электронды үкімет веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. 1-сыныпқа балалар 6 жастан бастап ата-анасының немесе баланың заңды өкілінің өтініші негізінде қабылданады. Сонымен қатар денсаулық жағдайы туралы құжаттар (026/у-3 нысаны және 065/у) және 3х4 өлшемді 2 фото қоса беріледі. Алдын ала болжам бойынша, жаңа оқу жылында 410 мыңнан астам бала 1-сыныпқа барады.