Солтүстік Қазақстан облысында прокурорлар заңсыз өтпек болған 8 мемлекеттік сатып алудың күшін жойды. Олардың жалпы сомасы – 2,9 млрд. теңге, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.
СҚО прокуратура баспасөз қызметінің мәліметінше, СҚО мемлекеттік сатып алу басқармасы Петропавл қаласында жер учаскесіне рұқсат құжаттарынсыз 2,5 млрд. теңге сомасына көппәтерлі үй салу бойынша конкурс өткізген.
Тағы бір жағдайда, Ақжар ауданында 300 млн. теңге сомасына автомобиль жолдарын орташа жөндеу бойынша мемлекеттік сатып алу рәсімі қажетті ведомстволық сараптамасыз жүргізілген.
Прокурорлық қадағалау актілерімен конкурстардың күші жойылды, заң бұзушылықтарға жол бергені үшін 8 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төледі. Тағы 4 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Бұл конкурстар анықталған заң бұзушылықтар жойылғаннан кейін қайта өткізілетін болады.
Бұған дейін СҚО-да балалардың 12 жазғы лагерінің тек екеуі ғана санитариялық қызметтің рұқсатын алғанын айтқан едік. Өңірде 10 маусымнан бастап демалыс нысандары ашылып жатыр. Сауықтыру лагерьлерін күрделі және ағымдағы жөндеуге биыл 94 млн теңге бөлінген.