Өңірдің мемлекеттік қызметшілерін облыс әкімі атынан оның бірінші орынбасары Марат Тасмағанбетов құттықтады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Бүгінде облыста мемлекеттік қызметте 4 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Олардың ел дамуына қосып жатқан үлесі баршаға аян. Кәсіби мерекелеріне орай бірқатар мамандардың еңбегі жоғары бағаланды. Облыстық әкімдікте өткен шараға қатысқан Марат Тасмағанбетов аймақ жетекшісінің атынан құттықтап, жылы лебізін жеткізді.
– Құрметті әріптестер, сіздерді облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың атынан мемлекеттік қызметшілер күнімен шын жүректен құттықтаймын. Ұлт мәдениеті мен ел абыройын көтеретін мемлекеттік қызметкер болу – зор міндет. Дана халқымыз «Билігі мықты елдің тірлігі құтты болады» деген. Сондықтан, мемлекеттік қызметшінің басты міндеті туған Отаны мен халқына адал қызмет етумен бағаланады, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Шарада мемлекеттік қызметшілерге облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ қызметке жаңа қабылданған мамандар халыққа адал қызмет етуге уәде беріп, салтанатты түрде ант қабылдады.