Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай Оқушылар сарайында халықаралық конференция өтті. «Мағжан Жұмабай – Тұран өркениеті мен Алаш идеясының ұлы жыршысы» тақырыбында өткен шарада ақынның еңбектерін зерттеп, өлеңдерін өзге тілге аударған шет мемлекеттердің және өзіміздің зиялы қауым өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Шараның шымылдығын облыс әкімі Айдарбек Сапаров ашты. Өңір жетекшісі меймандарды дүбірлі тоймен құттықтап, жерлесіміз жайлы тіл қатты.
– Мағжан Жұмабаевтың әдебиет көгіндегі орны ерек. Жерлесіміз қазақ үшін қиын қыстау заманда еңбек етіп, ұлт болашағы жастардың қолында екенін атап өткен болатын. Оның еңбектері мұра болып қалды. Бүгіндері ақынның есімі тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де таныс. Оған дәлел конференцияға ат терлетіп келген меймандар дәлел. Мағжанның өлеңдері бірнеше тілге аударылған. Жырлары әлі күнге дейін өзегін жоймай келеді, – деді СҚО әкімі.
Ғылыми-теориялық конференцияға Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей сынды мемлекеттердің ғалымдары қатысуға ниет білдірді. Олар ақынның өмір жолы мен шығармашылығы жайында баяндама жасады. Түркияның астанасы Анкара қаласында орналасқан Хаджи Байрам Вели университетінің оқытушысы Хулия Касапоғлы Ченчел 2018-ші жылы облысымызда Мағжанның 125 жылдығына орай ұйымдастырылған бірқатар іс-шараға қатысқан. Профессордың сөзіне қарағанда сөз зергері Мағжанның мерейтойын күллі түркі тілдес мемлекеттер тойлауда.
– Тәуелсіздік алғаннан бері Мағжан бүкіл түркі әлеміне ортақ ардақты тұлға, ақын болып саналады. Әйгілі ақынның өлеңдері Түркияның түркология, әдебиет кафедраларында оқытылады, диссертациялар жазылады. Себебі оның өлеңдерінде ұлттық код бар, – дейді Хаджи Байрам Вели университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Хулия Касапоғлы Ченчел.