Облыста халықтың бір жылдың ішіндегі шығындары 23 пайызға өсіп, бір адамға 100,8 мың теңгені құрады, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Ұлттық статистика бюросы департаментінің мәліметінше, халықтың ақшалай шығыстарының ең көбі (88%-дан астамы) – тұтынушылық шығындарды құрайды. Қалғаны – материалдық көмек, алимент, несие мен қарызды өтеу, салықтар.
Отбасылық бюджеттің ең қымбат бөлігі азық–түлік тауарларына тиесілі. Азық–түлік емес тауарларды сатып алуға жұмсалатын шығындар 26% құрайды. 15 пайызы түрлі қызметтерді төлеуге жұмсалады.
Ақылы қызметтерге жұмсалатын шығыстарға қаражаттың 33%-ы тұрғын үй – коммуналдық қызметтерге, тұрғын үйді күтіп ұстауға және жөндеуге, 29% – ы көлік және байланыс қызметтеріне жіберіледі.
Қала мен ауыл тұрғындары киім-кешек пен аяқ киім, азық-түлік сатып алуға шамамен бірдей қаражат жұмсайды.
Қала халқының ақылы қызметтерге жұмсайтын шығыстары ауыл жұртшылығының қаражатынан 2,3 есе асып түсті.