М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың, Ресей мен Өзбекстанның ғалымдары Уәлиханов ауданында 5 күн бойы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Мақсат – тың игеру кезінде жойылып кеткен өсімдіктердің қалпына келу процесін байқау, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
ХХ ғасырдың басында Орал, Солтүстік Қазақстан және Оңтүстік Сібірдің солтүстік далаларында қарқынды қоныстандыру үрдісі басталғаны белгілі. Ал 50-60 жылдары Еділ, Орал, Қазақстан және Сібірдің бүкіл дала аймағының тың және тыңайған жерлерін игеру толығымен аяқталды. Бұл оқиғалар адамзат тарихында ерекше маңызды рөл атқарғанымен тың игеру жұмысынан кейін дала өзінің бастапқы экожүйесінен айырылып қалды.
– 80-ші жылдардың аяғы мен 90-шы жылдардың басынан бастап топырақтарда болған ауқымды өзгерістерді анықтау мүмкіндігі туып отыр. Сонымен қатар, әртүрлі өсімдіктер топтары тексеріліп, зоогеографиялық зерттеулер жасалуда, – деді М.Қозыбаев атындағы СҚУ-дың математика және жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Сергей Пашков.
Экспедиция құрамында СҚУ-дың, Тимирязев атындағы Ресей ауылшаруашылық академиясының және Мирзо Ұлықбек атындағы Өзбекстан ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттері бар.