Мәскеуде аралас жекпе-жек түрлерінен әлем чемпионаты өтті. Оған солтүстікқазақстандық «Сұңқар» клубының өкілдері қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Жарысқа ересектермен қатар, балалар мен жасөпірімдер өз мүмкіндіктерін саралай алды. Жерлесіміз Богдан Багаев әлем біріншілігінің алтын және күміс жүлдегері атанды. 9 жастағы спортшы «ММА» және «грэпплинг» санаттары бойынша өнер көрсетті.
– «MMA FREE FIGHTING» деп аталатын әлем біріншілігіне алғаш рет қатыстым. «ММА» санатындағыларда 3 жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жетіп, алтыннан алқа тағындым. Ал «грюпплингте» екі-ақ рет шаршы алаңға шығып, күміс медальға қол жеткіздім, – дейді Богдан Багаев.
Богдан Багаев аралас жекпе-жек түрлерімен небәрі 4 жыл айналысады. Осы уақыт аралығында жас спортшы талай халықаралық және республикалық жарыстарда топ жарған. Биыл тұңғыш рет әлем чемпионы атанып отыр.