«Қызылжар» футбол клубына жаңа ойыншы қосылды. Осы жолы жергілікті команда украиналық шабуылшымен келісімшартқа отырды, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Дмитрий Хлебас – киевтік «Динамо» клубының тәрбиеленушісі. Туған елінде футболшы «Ворскла», «Динамо», «Колос» және «Десна» командалары сапында ойнады.
29 жастағы ойыншы Қазақстан біріншігімен жақсы таныс. Дмитрий 2021 жылы шымкенттік «Ордабасы» сапында 8 кездесу өткізіп, бір гол салып, бір нәтижелі паспен көзге түскен болатын. Аяқдопшының соңғы ойнаған клубы армениялық «Урарту». Бұл командада ол 28 матчқа қатысып, қарсыластар қақпасына 10 нәтижелі соққы жасап, 2 мәрте голдық пас берген.