Облыс орталығында «Pro Молоко. Трендтер’23» екінші халықаралық форумы мен «QazaqSut» бірінші сүт шаруашылығы көрмесі өтті. Оған 600-ден астам қазақстандық және шетелдік делегат қатысты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.
Форумға тәжірибе алмасуға Ресей, Германия, Венгрия, Италия, Франция елдерінің өкілдері келді. Ауыл шаруашылығы саласына тиесілі шара Ауыл шаруашылығы министрлігінің, облыс әкімдігінің, «Атамекен» ҚРҰКП-нің, «Ауыл» ХДСП-ның, «Бәйтерек» ҰБХ-ның ресми қолдауымен өтті.
Халықаралық форум аясында шараның салтанаты ашылуы, пленарлық отырыс пен «дөңгелек үстел», солтүстікқазақстандық сүт фермаларына экскурссия жоспарланды. «QazaqSut» көрмесінде ауыл шаруашылығына қажетті құрал-жабдықтар мен техникалардан бастап, мал азығы мен дәрі-дәрмектеріне дейін ұсынылды.
Шара облыс әкімі Айдарбек Сапаровтың құттықтау сөзімен ашылды.
– Солтүстік Қазақстан облысы – аграрлық-индустриялық өңір. Бізде ауыл шаруашылығына, оның ішінде мал шаруашылығына ерекше көңіл бөлінеді. Шаруа қожалықтары нәтижелі өнім алу үшін үлкен жұмыстар атқаруда. Жаңа технологияларды белсенді игеруде. Өңірімізде сүт фермаларын салу бойынша ауқымды қанатқақты жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған дейін облыс аумағында 30 сүт фермасы болса, бүгінде тағы 17 заманауи сүт кешені салынуда. Бүгінгі жиында сүт фермаларын салу және сүт өнімдерін өндіру бойынша көптеген ой-ұсыныстар айтылары сөзсіз, – деді СҚО әкімі Айдарбек Сапаров.
Агроөнеркәсіп кешені – өңір экономикасының басты драйвері. Бұл сала аймақтағы тауар өнімділігінің төрттен бір бөлігін қамтиды. Сондықтан да халықаралық форум біздің өңірде өткізіліп жатқаны заңдылық.
– Бүгінгі шаралар агроөнеркәсіп кешенінің дамуына жаңа серпін береді. Осы мақсатта Солтүстік Қазақстан облысының таңдалуы кездейсоқ емес. Бүгінде өңір ел бойынша ауыл шаруашылығы мен сүт өндіруде көш бастайды. Мал шаруашылығы мен сүт кешендерінің құрылысын жүргізу үшін мемлекеттік қордан 100 млрд. теңге қаржы бөлінсе, соның 17 млрд. теңгесі осы өңірге бұйырды. Біз осы салада қызмет етіп жүрген барлық мамандардың еңбегін жоғары бағалаймыз, оларға ризашылығымыз шексіз, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов.
Аграрлық форум мен «QazaqSut» көрмесінің ашылу салтанатында ауыл шаруашылығы, соның ішінде мал шаруашылығында абыройлы еңбек етіп жүрген бірнеше адам марапатқа ие болды. Облыс әкімінің «Құрмет грамотасымен» «Петерфельд Агро» ЖШС-нің сауыншысы – Гүлнар Жолдаспаева, «Гердт» шаруа қожалығының басшысы – Владимир Гердт, «Дайындық» ЖШС бухгалтері Елена Некрасова марапатталды. Сондай-ақ еңбегі еленген бірқатар азаматқа облыс әкімінің «Алғыс хаты» табысталды.
Салтанатты жиын пленарлық отырыспен жалғасты. Онда «Тауарлы-сүт фермасын жоспарлау», «Ферманы басқару және генетика», «Мал азығы мен тамақтандыру тәртібі», «Ветеринария және қауіпсіздік», «Тауарлы-сүт фермаларын бизнес жобалау мен қаржыландыру» тақырыптары қозғалды. Форум шеңберінде екі «дөңгелек үстел» өткізіліп, сырттан келген қонақтар үшін Аққайың мен Қызылжар аудандарындағы тауарлы-сүт фермаларына экскурсия ұйымдастырылды. Онда қонақтар жергілікті шаруашылықтардың жұмыстарымен танысып, өздеріне керекті тәжірибені көзбе-көз үйреніп, ойларына түйіп қайтты.
«QazaqSut» сүт шаруашылығы көрмесін форуммен қатар өткізу бірінші рет ұйымдастырылып отыр. «Бір оқпен екі қоянды атуды» көздеген ұйымдастырушылар бұл сала мәселелерін толық қамтудың амалы дейді. Көрмеге алпыстан аса компанияның өнімдері қойылды. Көрмеге отандық өндірушілермен қатар, шетелдік тауарлардың дистрибьюторлары да қатысты. Павилиондарда агроөндіріске керекті техниалардың түр-түрі, мал азықтары, дәрі-дәрмектер мен дәрумендер, сауын кешендерінің жабдықтары, жалпы айтқанда, сүт өнімдерін өндіру үшін қажеттінің барлығы қойылған. Ондағы мақсат – сүт өндірушілерге заманауи технологиялардың жетістіктерін көрсетіп, кеңінен қолдануға бағыт беру, осы салада бизнес жүргізгісі келетіндерге насихат жүргізу, сондай-ақ тәжірибемен бөлісу.
Мал шаруашылығы дамыған елдердің әлемдік тәжірибесіне сүйене отырып, селекциялық-асыл тұқымдық жұмыстың бүкіл жүйесін үйлестіру үшін 2012 жылы құрылған сүтті мал шаруашылығы жөніндегі республикалық палата «QazaqSut» атауымен қайта жаңғырды.
– Біздің палата құрамына ел бойынша 200-ден астам тауарлы-сүт фермасы кіреді. Оның 80 пайызы бүгінгі күн талабына сай жабдықталған. Статистика бойынша, елімізде жылына 6 млн. тонна сүт өнімдері өндірілсе, оның 3,5 млн. тоннасы сүт түрінде тұтынушыға жетеді. Экспортқа тауар шығармаймыз, өйткені өндірілген тауар өзіміздің нарықтан артылмайды. Жақында тауарлы-сүт айналымын арттыру үшін жаңа бағдарлама қолға алынбақ. Ол бағдарламада мал басын көбейту, құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету ғана емес, шаруашалықтың құрылыс саласына да жеңілдетілген несие беру бағыты болады деп ойламын, – дейді «QazaqSut» палатасы директорының орынбасары Берік Нығымашев.
«Pro Молоко. Трендтер’23» екінші халықаралық форумы мен «QazaqSut» көрмесінде сүт өнімдерін өндіруге қатысты көптеген мәселелер ортаға салынып, елдегі азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мәселелері кеңіне талқыланды.