СҚО орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасы нормаға 87% сай

Авторы: Аманжол НҰРТАЗИН

Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының жалпы материалдық-техникалық жарақтандырылуы нормаларға 87% сай. Бұл туралы Солтүстік Қазақстан облысы Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бейбіт Исманов айтты, деп хабарлайды Qyzyljarnews.kz тілшісі.

Бейбіт Исмановтың айтуынша, өңірде орманды қорғау және молықтырумен 12 орман шаруашылығы айналысады. Президенттің елімізде 2 млрд ағаш отырғызу жөніндегі тапсырмасына сай былтыр орман мекемелері 1652 га алқапта 6,9 млн дана қайың мен қарағай көшетін екті.

Биыл жоспар бойынша 4100 гектар жерге ағаш отырғызу қажет. Көктемде орманшылар 1643 га аумаққа 7,7 млн көшет еккен.

«Деректер қолжетімді, ол орман отырғызудың республикалық интерактивті картасына енгізіледі.

Ормандарды өрттен және орман зиянкестерінен қорғау үшін өзара іс-қимыл жоспарлары, әкімдіктің өрттің алдын алу туралы қаулысы қабылданды, сондай-ақ Ресейдің шекаралас облыстарындағы әріптестермен бірлескен жұмыс бойынша келісімдер жасалды. Зиянкестер мен ауру ошақтарына орман-патологиялық мониторинг жүргізіледі.

Орман қорының аумағы 16 интерактивті бейнебақылау жүйесімен бақыланады. Өрт жағдайын назарда ұстау үшін 2 дрон пайдаланылады», — дейді Бейбіт Исманов.

Басқарма басшысының айтуынша, орман шаруашылықтарында 16 өрт сөндіру станциясы, 25 өрт сөндіру автомашинасы, 87 трактор, патрульдік автомобильдер мен радиобайланыс құралдары бар.

«2021-2022 жылдары орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жергілікті бюджет есебінен 21 трактор, 14 тіркеме және өрт модулі сатып алынды. Биыл 131 млн теңгеге 8 тіркемелі өрт модулін сатып алу үшін қосымша қаражат бөлінді.

Қазіргі уақытта орман шаруашылықтарының жалпы материалдық-техникалық жарақтандырылуы нормалар мен нормативтердің 87% сай», — дейді Бейбіт Исманов.

Ұқсас жаңалықтар

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Ақпарат комитетінде 2022 жылғы 20 қаңтарда тіркеліп, №KZ76VPY00045027 куәлігі берілген.

Меншік иесі:  

СҚО әкімдігінің «Қызылжар-Ақпарат» ЖШС.

Яндекс.Метрика

Директор —

Ербақыт Амантайұлы

Сайттың бас редакторы —

Марат Шынтеміров, 

333marat@rambler.ru

@2022 — Designed and Developed by qyzyljarnews.kz